ТІЛЕУБАЕВ Дәурен Ниязбекович, Алмалы аудандық №2 сотының судьясы "Үш сатылы сот жүйесі уақытты үнемдеуге сеп",// "Заң газеті",18.09.2015жыл.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

 Президенттің «Дамыған елдің негізгі – әділ сот» дейтұғын қағидатын басшылыққа алсақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің негізі саналатын соттарды дамыту тетіктері айқын көрсетілген. Ондағы сот саласына арналған басым бағыттардың бірі әрі маңыздысы сот жүйесі сатыларын оңтайландыру болып табылады.

    Ал, ескі жүйеден бас тартуға не себеп болды десек, халықаралық тәжірибе аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзартуға ықпал ететінін жоққа шығармайды. Мұны ескерсек, енгізіліп жатқан үш сатылық сот жүйесі әлемнің дамыған елдеріне тән тәсіл. Мемлекет басшысы заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізгі және экономикалық өсудің кепілі болып табылатынын үнемі айтады. Шындығында, заңды қалтқысыз орындау принципін қатаң қадағалау экономикалық өсімнің кепілі болса, қоғамдағы заңның мүлтіксіз орындалуында ең бірінші кезекте сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Ендеше, реформаларды сауатты атқару Қазақстанның жан-жақты дамуына да септігін тигізері сөзсіз.

   Алдағы уақытта Ата Заң мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы » және өзге де қажетті заңдарға тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейін еліміздің сот жүйесі жаңа үлгіде жұмыс істейтін  болады. Сот сатыларының кемуі апелляциялық сатының рөлін күшейтеді. Мысалы, азаматтық істерге қатысты айтсақ, жеңілдетілген  және бұйрық арқылы жүргізілетін істер апелляциялық сатыда нақты шешімін табады. Мұндағы басты мақсат – азаматтардың уақытын үнемдеу, оларды әуре-сарсаңға салмай, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру. Осындай шаралар арқылы сот шешімі жедел қабылданып, сот әділдігін орнатуға жол ашылады. Осы тұрғыдан келгенде үш сатылы сот жүйесінің тиімділігі ең алдымен азаматтар үшін артады.

Tags: