«АЗАМАТТАР ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛМЕГЕНДІКТЕН ҰТЫЛАДЫ»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қалдарбек Жорабайұлы, қазір бұрынғыдай емес, азаматтық сипат­тағы дау-дамайлар көбейді. Осындай істерді қарау барысында судьяларға кедергі келтіретін басты қиыншылық қандай?

– Ол кейбір тараптардың қарсы жақ­қа айтар уәжі мен келтіретін дәлелдері бол­мағандықтан сот мәжілісінің өтетін­ді­гі­нен күн ілгері құлағдар бола тұра түрлі сылтау айтып, қасақана келмей қа­латындығы. Азаматтық дауларды қа­раудың қылмыстық істерге қарағанда өзіне тән ерекшелігі көп. Қыл­мыстық істердің алғашқы амал­дарын тергеу органдары жүр­гізіп, сотқа дейін жеткізсе, аза­­маттық дау-дамай бойынша қазы­ның төрелігіне жүгінетін әр та­рап құжаттар жинақтап, өздері­нің әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдеуі керек. Өкінішке қа­рай, сотқа заң жолымен қуы­нып келетін тараптардың кей­бі­рі құқықтарын жетік білме­ген­діктен мәжіліс үстінде іс-әре­кет­терінің дұрыстығын дәлел­дей алмай, ұтылып жатады. Заман өзгерсе де көптеген азаматта­рымыздың түсінігі сол баяғы қалпында қалып қойған. Алыс-беріс жасасқан кезде мәмілелерін заң талабына сәйкес рәсімдеп, қолхат алмайды. Банктермен, басқа да тараптармен белгілі бір қаражат пен мүлік жөнінде ке­лісімшартқа отырған кезде тол­тырылған құжаттармен толық таныспай, қол қоя салатындықтан сот отырысында ұтылып, жиған-тергенінен айырылып қалады. Немесе алаяқтардың арбауына түсіп алданады.

– Дау-дамайларды қараған кезде нотариус арқылы куә­лан­дырылмай, жалаң қол қо­йы­ла салынған қолхаттың қан­ша­лықты заңдық күші бола­ды?

– Сот отырысы кезінде ондай қолхаттар дәлел есебінде қабылданады. Десе де, артық шу мен айқай туындамас үшін алыс-беріс қарым-қатынастарының нотариус арқылы рәсімделгені дұрыс. Қажетті құжаттар заң талабына сәйкес жинақталса, тараптар бір-біріне кінә таға алмайды. Өкініштісі, азаматтары­мыз осы жағына мән бермей­ді. Қазір құжаттарды нотариус­тар арқылы рәсімдеуде зейнет жа­сындағы адамдарға белгілі бір жеңілдіктер жасалған. Алайда, азаматтарымыздың басым көпшілігі заңның сол игілігін пайдаланбай, азын-аулақ тиын-тебенін төлегісі келмей, қолхат ала салады. Егер мәміле жасасқан адамдар жастары он сегізге тол-ған, ақыл-есі түзу адамдар деп танылса және қолхат өзге біреудің қысым қиянатынсыз жасалса, онда ол дәлел ретінде қабылданады.

– Қазір банктермен арада дау көп.

– 2006, 2007, 2008 жылдар аралығындағы жекелеген аза­маттардың несие алу үшін банк­термен жасас­қан келісім­шарт­тарының мазмұ­нымен таны­сып көрсеңіз, көбінесе дау­ға азамат­тардың құқықтық сауат­тарының төмендігі себеп­кер болғандығын байқар едіңіз. Көптеген адамдар банк­пен арадағы жасалған келісімшарттың мазмұнымен таныспай жатып, қол қоя салған. Солардың тым құрыса бүгін алып отырған несиесін ертең 15-20 пайыздық өсіммен қайтаратындығын ойла­мағандығына таң қаласың. Банк­тер көп жағдайда несие берер кезде келісімшартты өзде­рінің пайдасына қарай ыңғайластырып жасап, ақша алушының құқықтық сауатының төмендігін пайдаланып, құжаттарға қол қойдыртып, заңдастырып алатындықтан сотта ұтылмайды. Сот тәжірибесін­де банктен 100 миллион теңге алып, ақыр аяғында баспанасы мен қымбат көліктерінен, жұмыс істеп тұрған шағын бизнестерінен айырылып, тақырда отырып қалғандардың дерегі аз кездес­пейді. Қызығы, банктер сол мүліктерді ең төменгі бағамен алады. Несиесін төлей алмаған борышкердің банктің мұндай талабымен келіспеске амалы қалмайды. 

– Каспий банк пен оның несие алушылары арасын­дағы ширыққан айтыс таяу арада сотта қаралатын көрі­неді. Шағымданушылар банкте­гілердің несие алушыларды алдап, келісімшарттың алғашқы және соңғы бетін ғана көрсетіп, ортасындағы парақтарды жа­сырып қалған құйтырқы әре­кеттерін айтып отыр. Бұл қан­шалықты шындық?

– Несие алушылар мен банк арасындағы дау-дамайдың ақ-қарасы сотта қаралып, ажы­ра­тылмағандықтан әзірге ол жө­­нінде кесімді пікір айта алмаймын. Солай бола тұрса да, банк қызметкерлерінің шалағайлығы мен салақтығынан несие алушы­ның орнына оның жақын туыс­тарының қол қойып жіберуі сияқты деректердің кездескені рас. Меніңше, несие үстірт қа­райтын нәрсе емес, сондықтан да, келісімшарттың әр бетіне алу­шының қолы қойылуы керек. Десе де, несие алушылардың тарапынан кететін кемшіліктер де аз емес. Жұрттың көбісі әлі күнге дейін несиеге алған қаражатым өткен ғасырдың ая­ғындағыдай құнсызданып, ар­зымайтын ақшаға айналады деген көзқараспен қарайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын банктер үстемелерін қосып жаппай несие бере бастаған кезде сондай түсінікте жүргендер доллар мен теңге құнсызданып, ақыры қара бақырға айналады деген қате ойға малданып, алған қарыздарын бастапқы екі-үш жыл төлеп, одан кейін жа­уапкершіліктен жалтарудың сан алуан амалдарын іздестіріп көрді. Осы жерде егер банктің талабы дұрыс болмаса, онда не­сие алушы қарызын 2-3 жыл бойына неге төлеп келген деген сауал туындайды. Осы мәселеге заңдық тұрғыдан талдау жасасақ, оның түп төркінінен тағы да кейбір азаматтарымыздың өз құқықтарын толық білмейтіндігі төбе көрсетіп қалар еді. Жалпы, банктен несие алатын адамның заңнан хабары бар адамдармен ақылдасып алғанының артық­тығы болмас еді.

– Сот тәжірибесінде кейбір тіс қаққан алаяқтар біреу­дің мүлкін алдап алып, одан кейін оны ізін жасыру мақсатында өзінен кейін 2-3 адамға сатып ұстатпай кететіні бар. Ақыр ая­ғында оның залал, зардабын ең соңғы сатып алу­шы тартып жатады.

– Мұндай деректер аз да болса ұшырасып тұрады. Сатқан адам мүлкінің құжатын заңға сәйкес рәсімдеп саудаласа, он­да соңғы алушы ар-ұяты бар сатып алушы деп танылады. Алай­да, оны сот процесі барысында дәлелдеу өте қиын. Өз басым заңның бұл талабын онша құптай қоймаймын. Неге десеңіз, мұндай жағдайда соңғы сатып алушы­ның ақшасынан да, мүлкінен де айырылып қалуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде соңғы сатып алу­шыға келтірілген шығын­ды алғашқы сатушыдан өндіріп алу жағы қарастырылу үстінде. Меніңше, бұл дұрыс байлам.

– Кейбір азаматтардың сатып алған баспанасының арада 2-3 ай өткен соң сот орындаушылары арқылы тоқтамға алынғанын біліп сан соғып қа­латыны бар. 

– Ондай деректер жоқ емес. Осыдан бір-екі жыл бұрын кепілге қойылған баспананы немесе мүлікті шектеуден алып тастап, ол сатылып кеткеннен кейін қайтадан тіркеумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері жауапқа тартылды. Өз басым ке­лешекте мұндай жағдайларды болдырмау үшін қосымша заңдар қабылдау қажет деп ойлаймын.

– Жоғарғы Сотта Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы әзірленіп жатқаны белгілі. Қосар ұсынысыңыз бар ма?

– Қазір азаматтық сипаттағы дау-дамайларға талапкердің берген сенімхаты негізінде заңнан хабары жоқ жақын туыстары мен көршілері де қатыса береді. Ондай адамдар заңгерлік білімі жоқ болғандықтан сот үстінде әрекеттерінің дұрыстығын дә­лелдей алмай, соңында өз өз­дерімен жанжалдасып жатады. Меніңше, сенімхат талапкердің заңгерлік білімі бар туыстары мен қорғаушыға ғана берілуі керек. Сонда ғана тәртіп болады.

– Әңгіме адвокат дегеннен шығады, қылмыстық іс­тер­ді қарау барысында әлеу­мет­тік жағынан қорғал­маған адам­дарға, зейнеткерлерге мем­лекет тарапынан адво­кат­тың тегін көмегі ұсыны­лады. Аза­маттық істерде осын­дай же­ңілдіктер қарас­ты­рылған ба?

– Азаматтық істерді қарайтын судья күн көрісі нашар отбасылар мен мүгедектерге қорғаушының көмегі қажет деп тапса, жеке қау­лы шығарып, адвокатпен қам­тамасыз етеді. Мұндай адвокат іске қатысқан уақытына қа­рай мемлекеттен тиісті ақысын алады.

– Бүгінгі адвокаттардың білімі мен біліктілігіне көңілі­ңіз тола ма?

– Іс қарау барысында бай­қайтыным, көптеген адвокат­тардың біліктіліктері ылғи да олқы соғып тұрады. Көбісі құ­жаттарды дұрыс, талапқа сай тол­тыра алмайды. Соның сал­дары­нан судья белгіленіп қо­йылған сот отырысын шағым талапқа сай жасалғанға дейін кейінге шегереді. Оны дұрыс түсінетін адвокаттар соттың ес­кертпесін дұрыс қабылдайды, түсінбейтіндері «шағымымызды қарамай жатыр» деп судьяның үстінен арыз жазады. 

– Көптеген судьялар та­рап­тардың бірі сот мәжілі­сіне бірнеше рет келмегеннен кейін сырттай шешім шы­ғарады. Алайда, талап-арыз беру­шілердің көбісі соттың ша­қыру қағазын алма­ған­ды­ғын мән-жай есебінде сылтау етіп, ақталып жатады. Шын мә­нінде солай ма?

– Мұндай жағдайлардың сот тәжірибесінде оқта-текте кездесіп тұратындығы рас. Келмеген тараптарды сот приставын жіберіп алдыртамыз немесе олар себептерін айтып, қолхат жазып береді. Сырттай шешім сондай кездерде ғана шығарылады. Егер келмеген тарап шын мәнінде соттың шақыртқанынан бейхабар болғанын судьяның алдын­да дәлелдеп берсе, онда сырттай шешім бұзылып, сот отырысы қайта тағайындалады. Кейбір тараптар шақыру қағазын алмағанын баяндап, қалалық сотқа шағым түсіреді. Алайда әлі күнге тараптардың бірінің ша­қыртудан бейхабар қалғаны­на байланысты аудандық сот­тың шешімінің бұзылған дерегін кездестірмеппін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 Қалдарбек ДОСЫМБЕТ, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы:

Автор: Пікірлескен Елеусіз МҰРАТОВ, «Заң газеті»