Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасы

                                                                           Жоғарғы Соты Төрағасының

      2017 жылғы «___» қаңтардағы

      № _____ өкімімен бекітілген

                   

 

Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және оның мақсаттарын, міндеттерін және тәртібін анықтайды.

 

2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар

 

2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) медиация - тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (жанжалды) реттеу рәсімі;

2) медиатор - кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға;

3) дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім - тараптардың медиация нәтижесінде өздері қол жеткізген жазбаша келісімі.

 

3. Пилоттық жобаның мақсаты мен міндеттері

 

3. Пилоттық жобаның мақсаты даулардың (жанжалдардың) жекелеген санаттарын медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді азаматтық сот ісін жүргізуге енгізу болып табылады.

4. Пилоттық жобаның міндеттері:

1) татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту;

2) азаматтардың сот шығындарын барынша азайту;

3) халықтың соттан тыс дауды (жанжалды) реттеу мүдделілігін анықтау болып табылады.

5. Олар бойынша медиация жүргізу болып табылатын даулалардың (жанжалдардың) санаты:

1) баланың мүдделеріне орай (баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы, ата-ананың баламен араласу тәртібін анықтау туралы,  баланы басқа адамдардан тартып алу туралы, білім алушылардың білім жүйесінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, жоғары білім беру жүйесінің күндізгі оқу нысаны бойынша 21 жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларды асырауға алимент өндіріп алу туралы);

2) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159 бабының 1-тармағымен міндетті түрде сотқа дейінгі келісім комиссиясына жүгіну тәртібі көзделмеген еңбек даулары;

3) мұрагерлік;

4) көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, пәтерді су басқандығы туралы;

5) пәтерден шығару туралы, кондоминиумды басқару мәселелері бойынша;

6) некені бұзу және мүлікті бөлу туралы;

7) қарыз келісімшарттары бойынша;

8) сақтандыру.

 

4. Пилоттық жобаны жүргізудің қағидаттары

 

6. Медиацияны тараптардың келісімі бойынша  сотта судья не татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын медиатор жүргізеді.

7. Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі:

1) еріктілік;

2) медиация тараптарының тең құқылығы;

3) татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы;

4) медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік;

5) құпиялық;

6) қолданыстағы заңнаманың талаптарына сай болуы.

 

5. Пилоттық жобаға қатысушылар

 

8. Пилоттық жобаға қатысушылар болып мыналар табылады:

1) кәмелетке  толмағандардың  істері  жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық соттар;

2) азаматтық істер қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттар;

3) мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар;

4) медиаторлар.

 

6. Пилоттық жобаны іске асыру тәртібі

 

9. Пилоттық жоба мынадай екі бағыт (сегмент) бойынша іске асырылады:

1) ұйымдастырушылық;

2) ақпараттық.

10.Ұйымдастырушылық сегмент судьялар жұмысын ұйымдастыруды көздейді.

11. Ақпараттық сегмент:

1) Жоғарғы Сотының және жергілікті соттардың интернет-ресурстарына даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы ақпаратты орналастыруды, сондай-ақ пилоттық жобаға қатысатын  соттардың интернет-ресурстарында пилоттық жоба өткізілетіні туралы  тақырыптық бөлімдерді құруды;

2) даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

3) телевизиялық арналарда медиаторлардың, оның ішінде практик-заңгерлердің және ғалымдардың қатысуымен ақпараттық (пікірталас) алаңдарды құру; 

4) соттарда даулардың (жанжалдардың) жекелеген санаттары бойынша медиацияны енгізу бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы  ақпараттық стендтерді орналастыруды көздейді.

 

7. Медиацияны жүргізу тәртібі

 

12. Медиацияны жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 48, 174, 179, 180, 194, 201, 246  және 277-баптарының,  «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары (бұдан әрі – Заң) ескеріліп және мынадай қағидалармен айқындалады:

1) судья өтініш келіп түскен кезде АПК-нің 165-бабының 16) тармақшасына сәйкес тараптарға хабарлама жібереді, соның ішінде, мыналар көрсетіледі:

-тараптардың істі дауды (жанжалды) медиация  тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтау құқығы;

- дауды (жанжалды) медиация тәртібімен шешудің басымдықтары туралы;

- пилоттық жобаға қатысу бойынша өз ұстанымдарын жазбаша түрде білдіру қажеттілігі және медиатормен медиация жүргізу туралы тараптардың жасалған жазбаша келісімін 5 (бес) күннің ішінде сотқа ұсыну туралы;

- пилоттық жобаға қатысудан бас тартқан жағдайда тараптардың бұл туралы жазбаша өтінішін сотқа жіберу және істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда баяндалған іс-әрекеттерді орындауға кірісу қажеттілігі туралы;

- кәсіби және кәсіби емес медиаторлар тізімдері туралы;

- медиация кабинеттері туралы ақпарат беріледі.

2) медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген және тараптардың медиатормен жасасқан шарты соттарға ұсынылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады;

3) тараптар медиацияны судья өткізетіндігі туралы өтінішхатты берген кезде медиация 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі;

4) татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын медиатор тараптардың келісімімен немесе олардың өтінішхаты бойынша, егер бұл медиацияның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болса, татуластыру рәсімдеріне басқа адамдарды қатыстыруға құқылы;

5) медиация тараптарының татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде қол жеткізген дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды;

6) келісімде медиация тараптары, даудың (жанжалдың) нысанасы, татуластыру рәсімдедні жүзеге асыратын медиатор туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындаудың тәсілдері мен мерзімдері, медиацияның құпиялылығы туралы тараптардың міндеттемелері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдарлары қамтылуға тиіс;

7) медиацияны медиатордың жүргізуі кезінде тараптардың дауды (жанжалды) реттеу туралы қол жеткізген келісімі немесе дауды  (жанжалды) медиация жолымен шешуге мүмкіндік болмауына байланысты тараптар жазбаша түрде медиациядан бас тартуы осы азматтық іс 3 (үш) жұмыс күн ішінде оның іс жүргізуіндегі судьяға жолданады;

8) АПК-нің 277-бабының 6) тармақшасына және 410-бабына сәйкес оның іс жүргізуіндегі іс бойынша судья дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады;

9) судья дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы келісімді бекіту туралы ұйғарымда сот АПК-нің 278-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік бажды қайтару туралы көрсетеді;

10) егер тараптар медиация жүргізген кезде келісімге қол жеткізбесе, іс бойнша іс жүргізу қайта басталып, істі сот талқылауына дайындау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Бұл туралы іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы соттың ұйғарымында көрсетіледі

11) тараптар медиацияны жүргізуден бас тартқан жағдайда судья істі соттың талқылауына дайындауды АПК-нің 165-бабында белгіленген тәртіпте жүргізеді.

 

8. Пилоттық жобаны өткізуді ұйымдастыру

 

13. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы:

1) пилоттық жобаның үйлестірушісі болып табылады;

2) пилоттық жобаны өткізудің әдістемелік және нормативтік қамтамасыз етілуін жүзеге асырады;

3) пилоттық жобаға қатысатын соттарға ақпараттық сипаттағы тиісті материалдарды жолдайды;

4) пилоттық жобаға қатысатын соттардан алынған ақпаратты қорытады.

14. Пилоттық жобаны жергілікті соттарда өткізуді үйлестіру үшін жауапкершілік облыстық және оларға теңестірілген соттардың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқаларының төрағаларына жүктеледі.

15. Пилоттық жоба аяқталған соң үйлестіруші Жоғарғы Соттың Төрағасына оның нәтижелері туралы есептік ақпаратты және пилоттық жобаның тетіктерін барлық соттарға енгізудің орындылығы туралы ұсыныстарды береді.

 

_____________________________